Теңдік пен жаңару, татулық пен бірлік, ізгілік пен ынтымақтың мерекесін Жетісу жұртшылығы ерекше ықыласты ыстық сезіммен қарсы алды. Қыстан аман-есен қысылмай шыққан ағайын Аллаға алғыс-шүкіргілігін айтып, жұма намазында Жаратушысына мінажат еткен соң, имамдардың арнайы дайындаған мерекелік бағдарламасына куә болды.
Қаладағы ең үлкен 16 қанатты қазақтың кең үйінде Талдықорған қаласына қарасты мешіттердің арнайы дайындаған бір тоннаға жуық Наурыз көжесінен дәм татқан жұртшылық, «Ақ мол» болсын деген тілекпен, ұйымдастырылған ұлттық және спорттық ойындарға қатысты.
Мешіт жамағаттары командалық сайыстарда өнерлерін көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Марапаттау рәсімінде Талдықорған өңірінің өкіл имамы Ардақ қажы Нүсіпханұлы және облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табыстады.
Бұдан бөлек «Наурыз көже байқауы», «Қош келдің, Әз Наурыз» атты қолөнер көрмесі және ата дәстүріміздің «Тұсаукесер» рәсімі де өз көріністерге ие болды.
Ұлыстың ұлы күнін ұлан асыр мерекемен өткізген мешіт имамдарының ұйымдастырған бұл шаралары жетісу жұртшылығының есінде көпке дейін сақталатын болады.
Талдықорған өңірлік өкілдіктің баспасөз қызметі
{gallery}iman3{/gallery}