×

Предупреждение

JFolder: :files: Путь ведёт не к каталогу. Путь: /var/www/vhosts/taglym.kz/taglim.kz/images/omar
×

Внимание

Пожалуйста, убедитесь что путь к папке верен и такая папка действительно существует. Галерея не может найти папку: images/omar
Басып шығаруға арналған нұсқасы

Қыстай қамқорлық көрген қырық отбасы

15 Mar 2018 0 comment Оқылды: 567 рет

{gallery}omar{/gallery}

Қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық секілді қасиеттер адам баласын көріктендіріп, халық алдындағы абыройын асқақтата түседі. Сондықтан да болар мұқтаж жандарға қолынан келген көмегін беруге даяр тұратын кісілердің жүзі жарық, келбеті келісті келеді. Биылғы қыстың ызғарында отын-суы жетіспей үлкен сынаққа тап болған көптеген отбасылар ауылдардағы мешіт имамдарынан көп көмек көрді. Дегенмен бір ғана Талдықорған қаласында тұратын 40 отбасыға көмір түсіріп, қажетті азық-түлігін әперген «Иман» мешітінің қызметкерлері жасаған жақсылығын айтуды ар санайды. Өйткені, қайырымды істі жариялау сауапты азайтары анық. Осындай ұстанымның бар екенін біле тұра Еркін ауылындағы тұратын екі кейуана мен Үйтас саяжайынан үй жалдаған көп балалы анаға қамқорлық жасаған имамдардың игілікті істеріне куә болуды өтінген едік. Обал мен сауаптың ара-жігін ажыратар жандар Наурыздың қарсаңында азық-түлік таратып, мұқтаж жандарға қолдау көрсетті.
Қазақтың ертеден келе жатқан көрісу, амал дәстүріне орай алдымен Қаншайым Ахметованың үйіне бас сұққандар кейуананы келе жатқан Жаңа жыл – Наурызбен құттықтап, сыйлық табыс етті. Жаңбыр күні күтпеген жерден келе қалған қонақтарының ізгі ниетіне разы болған 70 жастағы әжей қуаныштан көзіне жас алды. Алысқа ұзатылып, күйеуі қайтыс болған соң ата-анасының қарашаңырағына оралған Қаншайым апай өз кіндігінен баласының болмағанын жасыра алмады.
– Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын! Жандарың жақсылық көрсін! Осы ауылдағы халықтың, көрші-қолаңның, мешіт жамағатының шапағатын көріп отырмын. Әсіресе, мешіттің имамдары шәкіртерімен ай аралатып келіп, есігімнің қарын аршып, қыстық отын-суымды дайындап бергеніне, тіпті жылы сөзі мен амандық сұраған сәлеміне басымды иіп, рахмет айтамын. Көктемгі күннің жылуымен бірге келген Наурызда жандарың жамандық көрмесін, бастарың аманшылықта тұрсын! Елімізге, халқымызға имандылық берген Ұлы Алланың жақсылығын көрсін, дендерің сау болсын! Өсіп, өніңдер қарақтарым, – деген кейуана жүрегін тербеген ризашылығын жеткізді.
Одан соң біз барған Еркін ауылында тұратын тағы бір қария Манжан Садаева шешен ұлтының қызы екен. Тағдырдың тауқіметімен туған ата-анасын көрмеген қария балалар үйінде өсіп, өзін бағып алған отбасыдан жылылық тапқан. Жас күнінде ел қатарлы еңбек етіп, тұрмыс құрған бұл кісі де жолдасы қайтыс болған соң облыс орталығын бетке алған. Қазір қос ауызды, қоржын тамды жалдап тұрады.
Қаратал өзенінің жағасында жатқан Үйтас саяжайында тұратын көп балалы ана Индира Қарабаева 8 баласын жалғыз өзі өсіріп, тіршіліктің ауыртпалығын тартып келеді. Күйеуі қайтыс болған. Балаларының алды 16 жаста, кішісі 3-те. Бес баласы мектеп оқушысы, қалған үшеуі мектеп жасына жетпеген. Қаршадайынан қиындық пен мұқтаждық көрген сәбилер бір-бірін жетелеп, балабақшаға бармай-ақ өсіп келеді. Азық-түлік пен арнайы дайындалған Наурызкөже әкелген имамдардың ізгілікті ісіне разы болған көп балалы ана көзіндегі жасты жасыра алмай тау етегіндегі саяжайдың батпағына қарамастан жақсылық жасауға асыққан мешіт қызметкерлеріне ризашылығын жеткізді.
– Жалпы, қайырымдылық қуантарлық іс. Қайырымдылықты жасаған да, оны алған да қуанады. Неге? Қайырымдылық адамдылықтың белгісі. Өткен қаңтар айының қақаған аязы көптеген адамды қысып жіберді. Сол кезде тұрғындардың кейбірі мешітті жағалап, көмек сұрап келді. Солардың бәріне де біз қолымыздан келген көмекті аямадық, – деген Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Талдықорған өңірлік өкілі, орталық «Иман» мешітінің бас имамы Ардақ Оразбаев жасалған жақсылықтың есебін берді. – Соның арқасында 40 отбасыны қыстан аман-есен алып шықтық. Оларға қаладағы мешіттердің жанынан құрылған ерікті жастар тобы көмектесіп, жалғызілікті жандардың отынын жарып, суын кіргізді, қарын күреп, шарбағын көтеруге көмектесті, шатырын жамап, кірген судан құрғатты. Және осы отбасыларға қолдан келген көмегімізді бердік. Көмірі таусылғанға көмір, отыны жетпегенге отын әперіп, азық-түлікпен және киім-кешекпен жәрдемдесіп келдік. Өйткені, бір қалада тұрсақ та шағын баспананы мекен еткен көптеген отбасылар бар. Бұл бізге келіп, мұқтаждығын айтқандары ғана. Ал, қажеттілігін айтпай, қиналғанын жасырып жүрген қаншама адам бар?! Ондай жандарға көмек қолын созу керек. Шындығында қайырымдылық біздің қанымызда бар, бізбен біте қайнасып кеткен. Қайырымдылық пен мейірімділік, ынтымақ пен ауызбіршілік діні саналатын Ислам бізге осыны үйретеді, осыған үндейді.
Иә, адамды ізгілікке шақыратын діннің бізге берері көп.

 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз