{gallery}aksu-1{/gallery}
Ата – бабаларымыз ұрпағына мұра етіп қалдырған тілі, діні, салт – дәстүрі, әдет – ғұрпы бар. Олар бір шаңырақтың астында тату – тәтті өмір сүрген. Ұрпағының бойында осы қасиеттердің болуын армандаған. Адамға жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету – халқымыздың қанынына сіңген дәстүрлерінің бірі. Бұл дәстүр қазақ тіршілігінде түрліше іске асып отырған. Қайырымдылық - адамгершілік белгісі. Қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кең пейілділік. Жомарт болу - өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Осыған орай 25 қаңтар күні ауданымыздың бас имамы Манбетов Анарбай Тасболатұлының ұйымдастыруымен 6 іс-шара өтті.
Ең бірінші Ақсу ауданы, Көкөзек ауылындағы Қ.Терібаев атындағы орта мектепте жоғарғы сынып оқушылармен кездесу өтті. Онда дін мен дәстүр сабақтастығы бойынша және түрлі ағымдардың елімізге төндіретін зияндығы жайлы Талдықорған өңір өкілдігінің найб имамы Дәуітов Керімбек Сәрсенбайұлы және аудан имамы Манбетов Анарбай Тасболатұлы толық мағлұмат берді. Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.
Кездесуден кейін аудандық мешітте қайырымдылық шаралары жалғасты. 30 шақты тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға бір – бір қаптан ұн таратылды.
Содан соң «Темірлан» кафесінде көп балалы 35 анаға арналып дастархан жайылды. Онда ислам дініндегі бала тәрбиесі жайлы уағыз – насихат айтылып, аналарға азық – түлік берілді.
Ары қарай қайырымдылық шарасы аудандық орталық ауруханада жалғасып, емделіп жатқан науқас жандардың саулықтарын сұрап, Алладан тез сауығуларын тілеп, жеміс – жидектер мен тәттілер үлестірілді.
Қайырымдылықтың соңы «Ақ – Нар» мейрамханасында мүмкіндігі шектеулі жандарға дастархан жайылды. Аудандық «Қобызшы Молықбай» атындағы мәдениет үйінің әншілері әннен шашу шашып, келген зағип жандар мен олардың ата – аналарының көңілдеріне кішкене болса да қуаныш сезімін ұялатты. Оларға да тәттілер мен жеміс – жидектер және қомақты ақшалай көмек көрсетілді.
Содан кейін Е.Сиқымов атындағы орта мектеп – интернатында қыздар арасында волейболдан жарыс өтті. Онда жеңген командаларға сыйлықтар мен Грамоталар табыс етілді.
Қайырымдылық соңында ата – аналар, көп балалы аналар мешіт қызметкерлеріне алғыстарын білдіріп, көтеріңкі көңіл – күймен тарқасты.
Бір бірімізге бақыт сыйлар жүрек жылуымыз, мейірімділігіміз сарқылмасын! Аялы алақанымызды, қол ұшымызды созып, қайырымдылық жасап, көмек қолын күткен әрбір жанның жүрегіне жылылық ұялатып, өмірге деген көзқарасын өзгерту барлық азаматтың
борышы. Ендеше, болашағымыз бақытты болсын десек, бір бірімізге қолдан келер қамқорлығымызды аямалық ағайын!