{gallery}655{/gallery}
Заман көші алға жылжыған сайын діни қызметкердің дін насихаты да уақыт талабына сай болу қажет етіледі. Ол үшін имамдардың біліктілігі әрі жамағат алдында беделі жоғары болуы тиіс.
Сол үшін де, имамның білімділігін, мәмілегерлігін, әдебін, зияткерлігін және тағы басқа да сипаттарын заман көшіне сай келтіру үшін Талдықорған қаласы орталық «Иман» мешітінде дін қызметкерлеріне арналған 20 күндік арнайы оқытатын кәсіби қайта даярлау және біліктілігін көтеру курстары ашылды.
Талдықорған өңірінің өкілі Ардақ Нүсіпханұлының бастамасымен ашылған аталмыш курстарда имамдар "Ақида", "Қазіргі фиқһ мәселелері", "Құран оқу және тажуид", "Уағыз айту тәртібі", "Мемлекеттік іс-қағаздарды жүргізу" сияқты пәндерден дәріс алады. Дәрістерді Мысырлық "әл-Азхар" университеті және Түркиялық "Хасеки" академиясы сияқты жоғарғы оқу орындарын бітірген білікті мамандар жүргізеді.
Курстардың тағы да бір мақсаты, халықты бүлікке бастайтын дін атын жамылған жат ағымды ұстанушыларды асыл дінімізге қайтару үшін имамдардың біліктілігін арттыру болып табылады.
Аталмыш курстар осы ретте жалғасын тауып, Талдықорған өңіріне қарасты барлық 172 мешіттен 185 діни қызметкерлері әрі келешекте діни сауатын арттыруға ниет білдірген барлық жамағатты қамтитын болады.
Талдықорған өңірлік баспасөз қызметі