Басып шығаруға арналған нұсқасы

Рамазан айындағы жұбайлардың интимді өмірі

21 Jun 2016 0 comment Оқылды: 15779 рет

بسم الله الرّحمن الرّحيم

الحمد لله رب العالمين والصلاة و السلام علي رسولنا محمد و علي اله و صحبه اجمعين

Қасиетті Рамазан айының басталуымен мұсылмандар арасында оразаға қатысты бірнеше күрделі сұрақтар туындайды. Әсіресе, көптеген отбасылы мұсылмандарды Рамазан айындағы жыныстық қатынас нормалары мен қағидаттары турасындағы сұрақтар мазалайтыны рас. Бүгінгі мақаламызда осы мәселе төңірегіндегі сұрақтарды ықшамды түрде қарастыратын боламыз.  Мақала мазмұны мынадай тақырыпшаларға бөлінген:

  •  Ауыз ашық кезде жыныстық қатынасқа түсу;
  • Ауыз берік кезде жыныстық қатынасқа түсу;
  • Ауыз бекітерге дейін ғұсыл алу шарт па?;
  • Ораза кезінде әйеліңе қызығушылықпен қарау, құшақтау және сүю;
  • Ұйқы кезінде ұрық бөлінуі және қолмен ұрық шығару (маструбация);

Ауыз ашық кезде жыныстық қатынасқа түсу

Рамазан айының түндерінде жұбайыңмен жыныстық қатынасқа тұруға болады. Құранда былай делінген:«Сендерге оразаның түндерінде әйелдеріңмен жақындасуға рұқсат етілді. Олар сендер үшін жамылғы. Сендер де оларға жамылғысыңдар.»

Ауыз берік кезде жыныстық қатынасқа түсу

Ораза кезінде жыныстық қатынасқа түсуге болмайды және бұл оразаны бұзады.

Айшадан (Алла одан разы болсын) риуаят етіледі: «Оразалы адамға жыныстық қатынасқа тұруға тыйым салынды.» (Бухари)

Ұрық бөлінбесе де, кез келген жыныстық қатынас еркектің оразасын бұзады. Әйелдер үшін еркектің жыныс мүшесінің сәл де болса енуі оразаны бұзады.

Ауыз бекітерге дейін ғұсыл алу шарт па?

Көпшілік арасында сәресіге дейін жыныстық қатынасқа тұрғандар тек ғұсыл алған соң ғана аузын бекітіп, ораза тұта алады деген пікір кең тараған. Бұл уәж бұрыс болып табылады.  Барлық фиқҺ мектептері былай деп бекітті: адам кешкі уақытта жыныстық қатынасқа тұрса және сәресеге дейін ғұсыл алмаса әрі жүніп күйінде ауыз бекітсе, оның оразасы есептеледі. Барлық мектептер ғұсылды барынша ертерек алуға шақырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың селімі мен игілігі болсын) былай деген: «Мен жүніп халіндемін және мен оразамын» (Мүслим).

Осы сұраққа жауап ретінде Мүфтий Ибраһим Десаи былай дейді: «Сәресіге дейін ғұсыл алу міндет емес. Сәресінен кейін таң намазына дейін алса жеткілікті».

Ескерту: Аузы берік адамның жүніп болып таң атыруы немесе күндізгі ұйқыдан соң ихтилам болу (ұрық шығуы) оразаға кедергі емес. Алайда, мүмкіндігі бола тұра уақытында ғұсыл құйынбау – мәкрүһ.

Ораза кезінде әйеліңе қызығушылықпен қарау, сүю және құшақтау

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етіледі: «Бір кісі Пайғамбарымыздан (оған Алланың селімі мен игілігі болсын) «оразалы адамға әйелін құшақтауға рұқсат па» деп сұрағанда, ол рұқсат берді; ал басқа адам келіп сұрағанда, тыйым салды. Оның рұқсат бергені кәрі болса, тыйым салғаны жас кісі еді. (Әбу Дәуд)

Пайғамбарымыз (оған Алланың селімі мен игілігі болсын) ораза кезінде өз әйелдерін құшақтап, сүюші еді:

Айшадан (Алла одан разы болсын) риуаят етіледі: «Ораза кезінде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз әйелдерін құшақтап, сүйген кездер сирек емес еді, алайда ол сендердің кез-келгендеріңнен өзін-өзі мықты ұстай алатын» (Бухари, Муслим).

Шейх Ахмад Кутты (Торонто Ислам Университетінің бас лекторы) былай дейді: «Құшақтау жеке дара оразаны бұзбайды. Пайғамбарымыздың (оған Алланың селімі мен игілігі болсын) ораза кезінде әйелдерін құшақтап, сүйгені жайлы деректер келеді. Сол сияқты, Пайғамбардан (оған Алланың селімі мен игілігі болсын) бір адам «Әйелімді ораза кезінде сүйсем бола ма?» деп сұрағанда «Йә» деді. Құшақтау — сүюге ұқсас.

Алайда, өздеріңді-өздерің ұстай алмайтын болсаңыздар, мұндай істерден сақ болуларыңыз керек, өйткен,і мұсылман адам оразасын бұзатын нәрселердің барлығынан қашық жүруі тиіс. Сол себептен, біз бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі  мен игілігі болсын) басқа кісіге әйелін сүюге тыйым салғанын көреміз. Екі риуаят арасындағы қайшылықты түсіндіре келе, Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Оның рұқсат бергені кәрі, ал тыйым салғаны жас кісі еді.» Сондықтан, өзіңді ұстай алмайтыныңда қандай да бір қорқыныш не күмән болса, оразаңды сақтап қалу үшін мұндай әрекеттердің барлығынан алшақ жүруің керек. Айша анамыздың сахабалардан былай деп сұрағанының себебі де осы: «Қайсыбірің өздеріңді Пайғамбар (оған Алланың сәлемі  мен игілігі болсын) секілді ұстай аласыңдар?»

Егер ер кісіде әйелін құшақтағаннан ұрығы шықса, ғалымдардың пікірінше оразасы бұзылады.

Егер ер кісіде әйеліне қарағаннан ұрығы шықса, оның оразасы бұзылмайды. Саид Жәбир (Алла оған разы болсын): «Әйеліне қарағаннан (жыныс суы) бөлінген адам оразасын жалғастыра беру керек.» (Бухари)

Ескерту: Өзін ұстай алмайтын адам әйелін сүйіп, аймалауы – мәкрүһ. Өзіне сенімді болса, мәкрүһ емес. Өздеріне сенсін-сенбесін жалаңаш күйде құшақтап, аймаласу – мәкрүһ. Еріндерінен сүю де солай.

Ұйқы кезінде ұрық бөлінуі және қолмен ұрық шығару

Ұйқы кезінде ұрық бөлінуі

Ұйқы кезінде ұрық бөлінуі оразаны бұзбайды.

Қолмен  ұрық шығару (маструбация)

Шейх Хамед Али (Кувейттегі Білім факультетінің  Ислами Мұрагерлік инструкторы, Дахиат ас-Сахабийя мешітінің имамы) айтады: «Хадисте «мұсылман ораза кезінде ішіп-жеуден және жыныстық қажетін өтеуді тастайды» деп келгендіктен, Рамазан айының күндізгі уақытында (яғни ауыз берік кезде) әдейілеп қолмен ұрық шығару оразаны бұзады. Қолмен ұрық шығару жыныстық қалауды өтейтіндіктен мұсылман одан сақтану керек. Хадисте «ішіп-жеуден» соң «жыныстық қалаудың» келуі, ол қалаудың өтелуі ораза бұзатынына дәлел болады. Сондықтан, бұл іс  оразаны бұзады әрі бұл күнәлі істі жасаған адам осы айдың қасиетін бұзғандардан болады.»

Қысқаша қорытынды

Ораза бұзылмайды:

  • Ұмытып жыныстық қатынасқа тұру. Алайда, еске түскен сәтте тоқтамаса, ораза бұзылады.
  • Ұйықтап жатқанда ұрық бөлінуі.
  • Әйелін құшақтау және сүю ұрық бөлінбейінше оразаны бұзбайды.
  • Әйеліне қараудан ұрық шығуы.
  • Құмарлық нәтижесінде мәзи келуі.
  • Ауыз ашық кезде жыныстық қатынасқа тұру.

Ораза бұзылады, қазасы ғана өтеледі:

  • Басынан аяғына дейін зорланып не мәжбүрленіп жыныстық қатынасқа тұру. Яғни, күйеуі әйелін соққыға жығу т.с.с. жолдармен қорқытып, жыныстық қатынасқа мәжбүрлесе, әйелдің оразасы бұзылады, бірақ кәффараты өтелмейді.
  • Құшақтасу, сүйісу нәтижесінде әйел мен еркектен ұрық шығуы.

Ораза бұзылады,  қазасы әрі кәффараты өтеледі:

  • Ұрық бөлінбесе де, ауыз берік екенін біле тұра ерікті түрде жыныстық қатынасқа тұру.
  • Жыныстық кезінде сәресі уақыты шығып кетсе және  әйел соны жасырса, әйелі ғана кәффаратын өтейді.

Алла жақсырақ білуші.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз