Басып шығаруға арналған нұсқасы

Тақуалық

18 May 2016 0 comment Оқылды: 3345 рет
                                             Алла алдында сендердің ең ардақтыларың, абыройлыларың ең тақуа болғандарың»

(Хужурат, 13)

Тақуа– Алланың әмірлерін орындап, тыйымдарынан қашу арқылы Оның азабынан сақтану дегенді білдіреді. Тақуалық – иманнан кейін тұратын мүмінге ғана тән дара қасиет. Иманнан жұрдай пенденің тақуалыққа тырмысып, жамандықтардан бойын аулақ ұстауы әсте мүмкін емес.                                                                                                                                          

Тақуалық шынайы қорқыныш пен кіршіксіз махаббатты қоса қамтиды. Қорқу біржақты болмайды. Алладан қорқу Оны терең танып-білуге жетелейді. Танып білу арқылы нағыз сүйіспеншілікке лайық ұлылардың ұлысы Жаббар Хақ екенін мойындата отырып, сол ұлылығына сай деңгейде Оған бас иіп қорқуға әкеледі. Ол қорқыныш – жүректің тек қана Алла деп соғуы. Бұл – адамның әртүрлі жаман қасиеттерден, індет көзі тәкаппарлық, қызғаныш пен көреалмаушылық секілді және тағы басқа да күнәлардан тазарып, парыздар мен сүннеттерге, бүкіл асыл қасиеттерге ие болу деген сөз. Міне, тақуалықтың ең жоғарғы дәрежесі – осы. 

 Алла Құранда тақуалар жайлы былай дейді: «Игiлiк – намазда жүздерiңдi шығыс, не батысқа қаратуда емес. Бірақ, игiлiк Алла тағалаға, Ақырет күнiне, перiштелерге, Кiтапқа, пайғамбарларға иман келтiруде, өзi жақсы көрген малын туыс-жақындар мен жетiмдерге, кедейлер мен жолаушыларға, жәрдем сұраушыларға және құлдықтан азат ету жолына жұмсауда, намаз оқу мен зекет беруде, уәденi орындауда, қиыншылық пен қасiретке және Алла тағала жолындағы күресте сабырлық етуде. Осы iзгi сипаттарды иеленгендер имандарында кiршiксiз адал болғандар және шын тақуалар».

 Алла тағала: " Ей, мүміндер! Алладан шынайы қорқыңдар да, мұсылман болған күйде өліңдер! деп айтқан, бұл әмірді орындаудың ешбір шегі жоқ. Аллаһқа қанша құлшылық, ғибадат жасасақ та соңында айтарымыз: «Субханака ма абаднака хаққа ғибадатик», яғни «Сен пәксің. Саған лайық дәрежеде құлшылық, ғибадат ете алмадық» болса, Аллаһтан қорқу ғибадатындағы соңғы деңгейіміз «Лайықты түрде Сенен қорқа алмадық» болары сөзсіз. Өйткені, Аллаһ тағаладан қорқудың шет-шегі жоқ.

Хакимнен жеткен хадисте: "Аллаһтан шынайы қорқу дегеніміз ол Аллаһ Тағалаға бойұсынып, күнаһар болмау, шүкіршілік етіп, қарсы келмеу, үнемі еске алып, ұмытпау" деді. Ал енді мұсылман болған күйде өліңдер деген аят Исламға берік болыңдар деген мағынаны білдіреді. Қандай жағдай болмасын Исламмен о дүниелік болу үшін, оны берік ұстаңдар деген.

Осы себептен ғалымдар «тақуалық» сөзiнiң шариғи мағынасына қатысты: «Тақуалық – Алла тағалаға, Оның қаһары мен азабынан сақтану мақсатында, бойсұнып әмiрлерiн орындау», – деген

Убәй (р.а.) Омар ибн Әл-Хаттабтан (р.а.) тақуалық жайында сұрағанда, ол: «Сен тiкенегi бар жолмен жүрдiң бе?», – дедi.

– Иә, жүрдiм.

– Сонда қалай жүрдiң?

– Балағымды қайырып, аяғымды ақырындап басатынмын.

– Мiне, тақуалық дегенiмiз осы деген еді.

«Алла тағала Қиямет күнi белгiлi уақытта (яғни, Қиямет күні) адамдарды жинап, бәріне естiртiп: «Уа, адамдар! Мен сендердi жаратқан күннен бастап осы кезге дейiн өз ерiктерiңе қойдым. Ендi амалдарыңа есеп бересiңдер. Мен өзiммен қатынас жасаудың жолын белгiледiм. Сендер де өзара мансап, атаққа қарай қатынаста болу жолдарын белгiледiңдер. Алайда, сендер Менiмен қатынаста болудан гөрi, тек өзара қатынаста болуды артық көрдiңдер. Мен: «Тәңiрлерiңнiң жанында ең жоғары дәре-жеге тақуаларың ие болады», – дедiм. Алайда, сендер бар болғаны: «Пәленше ұлы пәлен-ше пәленшеден дәулеттi», – деген сөздi есту мақсатында Маған қарсы келдiң-дер. Бүгiн Мен сендермен қатынасымды үзiп, Менiмен қатынаста болғандардың мәрте-бесiн көтеремiн. Тақуалар қайда?», – дейдi. Осыдан кейiн тақуалар үшiн ту көтерiлiп, олар туға ерiп жәннатқа сұрақсыз кiредi»

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде былай дейді: "Алладан қорқыңдар, бес уақыт намазды оқыңдар, оразаларыңды ұстаңдар, малдарыңның зекетін беріңдер жəне басшыларыңа бойұсыныңдар. Əрине, Раббыларыңның жəннатына кіресіңдер! Намаз оқу, зекет беру, ораза ұстау ол - тақуалықтан. Тақуалық - бұл дүниеде де, о дүниедеде жеңіске жеткізетін үлкен нығмет!
Құранда көп аяттар «тақуалар ғана жақсы нәтижеге жетеді» деп өмірінің соңына дейін имандылықтан айрылмағандардың о дүниеде қабір азабынан, қиямет пен есеп берудің үрейінен құтылатындығын айтып, тақуаларды қуантады. Сонымен қатар, жаннаттың бүкіл әсемдігі мен көркемдігі де діндар, тақуалар үшін әзірленген. Бұл жайлы Құранда
: «Асылында, тақуалар жаннат бақтары мен өзендеріне лайық. Разы болатындай мәртебеде, құдіретті патшаның құзырында болмақ» және «Тақуалар сенімді мәртебеде. Жаннаттар мен өзендердің қасында». «Шындығында тақуалар үшін құтқарылу (азаптан құтылу) бар» деу арқылы да осыны айқындай түседі. Тақуалар – ақыретте осындай шексіз нығметтерге бөленумен сүйіншіленген бақытты жандар. 

Көксу аудандық «Балпық би» мешітінің

                                                                                           бас имамы ЕділбекЕРІМБЕТ

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз