Басып шығаруға арналған нұсқасы

Әбу Ханифа алдымен өзі амал қылатын

27 Apr 2015 0 comment Оқылды: 1260 рет

Имам Ағзам Әбу Ханифа жұма күндері Куфаның орталық мешітінде уағыз айтатын. Бір күні жұма уағызынан кейін әлдебір құл келіп: «Ұстаз, сізден кішігірім бір өтінішім бар еді» деп келесі жұмада құл азат етудің пайдасы жайлы уағыз айтуын сұрайды. Мүмкін қожайынының көңілі жібіп өзін азат етер деп үміттенген шығар. Әбу Ханифа «Мақұл, сенің дегенің болсын» деп келісімін береді. Әне-міне дегенше келесі жұма да келіп жетеді. Бірақ, имам уағызын басқа тақырыпқа арнайды. Тағы бір апта өтеді. Құлдың өтініші тағы орындалмай қалады. Үшінші жұмада ғана имам Ағзам құлды азат ету және оның мән-маңызы мен артықшылығы туралы тартымды да, әсерлі уағыз айтады. Жұма хұтпасынан соң әлгі құлдың қожайыны келіп: «Ұстаз, куә болыңыз, Аллаһ разылығы үшін құлымды азат еттім», – дейді. Әбу Ханифа «Аллаһ сізден разы болып, істеген ізгі амалыңызды сауаптан жазсын!» деп бата береді. Бостандық алған құл имам Ағзамға келіп рахметін айтып, таңғалыспен: «Ұстаз, бір сұрағым бар. Екі апта бұрын айтқан өтінішімді неге бүгін ғана орындадыңыз?» – деп сұрайды. Сонда Әбу Ханифа: «Ол күні құл азат етуге жететін ақшам жоқ еді. Сол үшін екі апта бойы жұмыс істеп ақша жинадым. Базардан құл сатып алып, оны азат еттім. Содан рухани жеңілдік пен әлдеқандай рахатты сезіндім. Бұл амалды өзім істемей тұрып басқаға айтсам, ешқандай әсері болмас еді. Қожайының да саған азаттық бермес еді», – деген екен[1].

«Мың мысалдан бір мысқал» демекші, бірде балды көп жейтін баласын осы әдетін тыйғысы келіп өзінен ақыл сұрай келген әке-шешесіне қырық күннен кейін балаңды қайта алып кел дегені бар. Қырық күннен кейін балаға «Балды көп жей берме» дейді бар болғаны. Сонда баланың әке-шешесі: «Құдай-ау, осы сөзді айту үшін қырық күн күттірдің бе?» дегенде, Әбу Ханифа: «Сендер балаларыңды алдыма әкелген кезде мен де бал жейтін едім. Содан бастап бал жеуді тоқтатып, енді ғана айта алдым», – дейді. Әбу Ханифа Құрандағы «Ей, иман еткендер! Өздерің істемеген нәрселерді өзгелерге (істеңдер деп) қалай айтасыңдар?»[2] деген аятына амал қыла отырып, қандай да бір істің орындалуын өзгеден талап етпес бұрын, оны өзі іске асырғаннан кейін ғана барып басқаларға айтатын.

Әке-шешені құрметтеуде де үлгі көрсетті. Анасының бетіне жел боп тимеді. Анасына деген құрметі шексіз еді. Кейде анасы Әбу Ханифаның айтқан пәтуасына көңілі толмай, басқа бір ғалымды іздейтін. Әбу Ханифа анасының айтқанын орындап, анасын разы қылу үшін алыс жердегі мешіт имамына алып барып, сол имамның артында анасына намаз оқыттырып, пәтуасын тыңдатқызатын.

Бір күні Имам өзіне сауал қойған Әбу Ханифаның анасына: «Ең танымал ғалым сіздің жаныңызда жүргенде мен сізге қалайша пәтуа айтамын» деп, жауап беруден бас тартқан еді[3].

Анасына деген мұнша құрмет ол кісіні жақсы көргендіктен, оны разы қылуға барынша талпынғандығынан, діннің рухын жан-тәнімен сезіне білгендіктен туындап жатқан-ды.

Әбу Ханифаға кезінде дүре де соғылып, түрмеге де қамалып, қиыншылықты да тартқан еді[4]. Алайда, «Бұл қиыншылықтар анамды  ренжіткеннен ауыр емес»[5] – деп, көрген қорлығына емес, анасының осыны естіп қиналатынына қынжылыс білдірген екен.


[1]   Ә. Дербісәлі, Ұлық Имам – Имам Ағзам Әбу Ханифа, 17-б.

[2]   «Саф» сүресі, 2-аят

 [3]   әз-Зәхәби, Манақибул-Имам Ағзам, 13-19-б.

 [4]   Кеңірек мәлімет үшін осы кітаптың 95-бетіне қараңыз.

 [5]   Бұл да сонда, 26-б.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз