Мейірімді, Рақымды Алланың атымен
Ислам дінінің қай саласы болсын ғалымдардың орны төрден орнын ойсырата алатындай аса зор қасиетпен бағаланады. Өйткені ғалымдар арқылы Алла Тағала бұл хақ дінімізді қорғайды әрі, сақтайды. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) былай деді: «Бұл хақ діннің білімін әрбір ұрпақтан әділеттілеряғни, (дінді бүкіл бұрмалаудан қорғап,әрі мығым кіршіксіз тазалықпен ғана хадис іліміне ие болған адамдар) ғанаалып жүреді. Олар бұл білімді шектен шығушылардың бұрмалауынан, адасқандардың өз ойларынан қоспалары мен надандардың түсіндірмелерінен сақтайды» (әл-Бәйхақи 10/209). Демек, ғалымдар – дінімізді дұрысынан түсінуге көмектесетін адамдар болса, тарих бетінде ең көрнекті де қабілетті, атақты да машһур, еңбектерімен дін және қоғамның дамуына орасан да зор үлес қосқан ғалымдарға тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз.
Сағдуд-дин Масғуд ибн Умар ибн Абдулла аль-Масғуд ат-Тафтазани, (Аль-Масғуд ат-Тафтазани немесе Масғуд ат-Тафтазани есімдерімен де белгілі) Ол, 1322 жылы Хорасанға қарасты Сарбедаран өлкесі (қазіргі Түркменістан жері) Тафтазан ауылында дүниеге келген. Арабша есімінің жазылуы سعدالدین مسعودبن عمربن عبدالله هروی خراسانی تفتازانی.
Кәлам ғылымының көрнекті ғалымы,әрі ол кісінің логика, фиқһ, поэзия, грамматика (сарф және наху), математика, геометрия, шешендік өнері және Құран тафсиріндегі еңбектері еленіп, Осман мемлекетінің билігі кезінде ғасырлар бойы медреселерде оқу құралдары ретінде кеңінен қолданылып келген. Қазіргі таңда иран мемлекетінің медреселерінде әлі күнге дейін қолданылып келеді.
Имам Тафтазани Херат, Ғиждиуан, Гулистан, Хорезм, Самарқан және Серахс медреселерінде білім алған. Оның ұстаздары атақты аль-Иджи и Кутбуд-дин ар-Рази (Алланың рахметі ол кісілерге жаусын). Атақты ұстазымыз 30 жылдан астам уақыт әр түрлі медреселерде дәріс оқыған. Хан Жәнібектің де шақыруымен хан сарайда қызметте болып, кейіннен Шираздағы моғолдардың сұлтаны Мухаммед Шах Шуджаның сарайында да қызмет атқарды. Атақты Әмір Темірдің заманында да, ілімге бай ғалым ретінде Әмір Темірдің көзіне де түсіп, тіпті ол кісіге арнайы ақы бөлініп, кейіннен патшаның қазиы қызметіне тағайындалып, өмірінің соңына дейін қызметінатқарады.
16 жасында тілге байланысты алғашқы «Шарх аз-Занджани» («Шархуль-Иззи фит-Тафсир» атымен де белгілі) еңбегі жарық көріп, оның ең атақты кітабы ретінде болады. Кейінгі ғалымдар, аталмыш кітапқа «Шарх Мухтасар аз-Занджани» атты кеңейтілген түсінік еңбектерін жазған.
Имам Тафтазанидің басқа еңбектеріне тоқтала кетсек, бұлар:
Тіл білімі ғылымы:
Аль-Иршад (қысқ. Иршадуль-Хади).
Ань-Ниғамас-Сауабих фи шархин-Науабих.
Шешендік өнері:
аль-Мутаууаль.
аль-Мухтасар(қысқ. Мухтасаруль-Мағани).
Шархуль-мифтахиль-ғулум (қысқ. Мифтахуль-ғулум).
Ақида:
Шарху Рисалат аш-Шамсия (қысқ. Шархуш-шамсия).
Мақасидут-талибин фи ғильми усулид-дин (қысқ.Аль-Мақасид). Бұл еңбек Тафтазанидің ұстазы аль-Иджидің «Мауақиф» атты кітабына ұқсас жазылған.
Тазхибуль-мантиқ уаль-калам.
Шархуль-ақаиқ ан-Насафия (Бұл еңбекте кеңістік пен уақыттың атомдық құрылымы туралы ойлар жазылған. ан-Насафидің бұл еңбегіне түсініктемелер жазғанына қарағанда, Имам Тафтазани ақидадан Матуриди жолын ұстанғанын аңғарамыз).
Фиқһ мәселелері
ат-Талуих фи кашфи хақаиқ ат-танкиһ.
Хашиятуль-Мухтасариль-Мунтаха.
Мифтахуль-Фиқһ (қысқ. Аль-Мифтах).
Ихтисару шархи талхис аль-жамиғи аль-кабир.
аль-Фатауа аль-Ханафия. (Кейбір шариғат мәселелерінен кеңінен түсініктемелер).
Шархуль-Фараид аль-Сиражия.
Теология ғылымына қатысты
Хашиюль-Кашшаф. (Бұл еңбегі аяғына дейін бітпеген).
Кашфуль-асрар уа уддатуль-Абрар.
аль-Арбағин.
Шархуль-хадисуль-арбағин ан-Насафия.
Геометрия:
Рисалату фи завиаль-мусаллас (Үшбұрыштың қырлары туралы трактат).
Және де көптеген шафиғи және ханафи мазхабтары ғалымдарының еңбектеріне түсініктемелер жазған
Имам Тафтазани туралы бірнеше ғалымдардың айтқан ғибратты әңгімелеріне тоқталатын болсақ: Шайхуль-Ислам Ибн Хаджар аль-Аскаланидің имам Тафтазани туралы «Шығыста ғылым Тафтазанимен тоқталды» дей келе және «Ешкім оның орнын баса алмайды» деген лебіздерін байқаймыз.
Ислам ойшылы, әлеуметтік ғылымдардың атақтысы Ибн Хальдун (1332-1406) имам Тафтазани туралы сөздерінде: «Мысырда жүргенімде Хорасанның тумасы болған машһүр тұлға Сағдуд-дин Масғуд ат-Тафтазанидің ойшылдық және жаратылыстану ғылымдарының көптеген еңбектерін таптым. Кейбіреулері ақида, ал, кейбір еңбектері фиқһ негіздері мен шешендік өнерінде болып, бұл білімдерді жақсы деңгейде білгенін көрсетеді. Бұл еңбектердің мазмұнында ол кісінің пәлсапалық ғылымды меңгергенін және басқа да парасаттылық ғылымдарды жете білгенін байқаймыз» деп айтқан.
Имам Тафтазаны 1390 жылы Самарқанда дүниеден озған.
Алла табарака уа тағала ғалымның еңбектерін сауаптан жазып, шариғаттың жолымен жүруді баршамызға нәсіп етсін!
ҚМДБ-ның Талдықорған қаласы,
орталық «Иман» мешітінің найб имамы Дәуітов К.С