×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285
Басып шығаруға арналған нұсқасы

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ ТУҒАН ШАҢЫРАҒЫНА ҚАЙТА ОРАЛУЫ

12 May 2015 0 comment Оқылды: 1688 рет

Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) төрт жасқа толады. Дене бітімі көрген жанның назарын аударарлықтай, көркі көз жауын аларлықтай. Күн сайын көз сұғын қадаушылар көбейеді. Айналасына сәуле шашқан отты жанарды байқамау мүмкін емес. Мұны сезген Халима мен Харис сүтбалаларын көрінгеннен қызғыштай қорып әлек. Кеудесін жарған күннен соң оны тіпті көздерінен таса етпей, басқан ізін аңдиды. Аманатқа көздерінің қарашығындай қарау керектігін ынты-шынтымен сезінген ерлі-зайыптылар өзара кеңесіп, аман тұрғанда баланы туған анасына жеткізуді ойлайды. Қанша қимаса да түбінде туыcқандарымен қауыштыру керек екенін білетін Халима амалсыздан Меккеге жолға шығады. Іші қан жылап тұрып Хазіреті Мұхаммедті (с.а.у.) өз анасына әкеп тапсырады.

Бірақ өмір бойы оны ұмытқан емес. Хазіреті Мұхаммед те  төрт жыл бауырына басқан, сүтін туған баласымен бірге тел емізген анасы Халиманы бір сәт те есінен шығармады. Әрдайым оны ерекше құрметпен сыйлап, “анашым” дейтін. Мұқтаждығы болса өтеп, қолынан келгенше жәрдем беретін.

Арадан ұзақ жылдар өтіп, Халима қартайған шақта бүкіл әулетімен тағы бір қуаңшылықтың азабын шегеді. Бар амалы таусылған Халима Хазіреті Мұхаммедтен  (с.а.у.) көмек сұрайды. Бұл жолы сүтбаласының зайыбы – Хазіреті Хадишадан жақсылық көреді, қырық қойды алдына салып, түйе мініп қайтқан сүтананың алғысы шексіз еді.

Милади 575 жыл…

Хазіреті Мұхаммед төрт жаста…

Жалғандағы жалғыз жұбанышымен қайта қауышқан ана көңілі көтеріңкі. Жарынан жастай қалып, қара жамылған Әминаның бар тілегі – Мұхаммедтің жетімдік ауыртпалығын тартпай, бақытты өмір сүруі еді. Жаратқаннан жатса-тұрса соны сұрайтын. Әкесінің жоқтығын сездірмей, бар күшін баласының тәрбиесіне жұмсайды. Алайда үйдің сәні мен берекесіне айналған нұр жүзді бүлдіршін анасының қас-қабағына қарап, орынды сөйлеп, реті келгенде көмектесуден тайынбайтын. Әсіресе, тазалыққа жаны құмарлығы анасын қайран қалдырады. Әзіз Әмина бірінші Жаратқанға, сосын Халимаға шексіз ризалығын білдіріп,шүкірлік ете түсті.

Мұхаммед (с.а.у.) өз қатарларының арасында да ерекше, кішкентай жасына қарамастан көпшіл, әлсізді қолдаушы болып танылады. Кім-кімнен де көмегін аямайтын. Үлкендерді құрметтеп, кішіні демейтін. Балалар да оның маңына үйіріліп, таңның атысы, күннің батысы қасынан шықпауға бар.

Иә, Аллаһ Тағала аса мәртебелі әрі қасиетті пайғамбарлық міндетін жүктейтін болашақ елшісін осылайша үлгілі мінез-құлық иесі етіп, жан-жақты тәрбиелеуде еді.

Әке қабірі басында

Болашақ пайғамбарлар сардары алты жасқа аяқ басқан. Жаздың шуақты күндерінің бірінде Әмина Мәдинаны зиярат ету қажеттігін ойлайды. Көптен көкейінде жүрген мақсаты – нағашы жағынан бірнеше атадан туысатын Нәжжарлардың амандық-саулығын білу және сонда жерленген асыл жары Абдуллаһтың қабірін зиярат ету. Жан дегенде жалғызы Мұхаммед пен қызметшісі Үммү Әйменді ертіп жолға шығады.  Сапарға шығарда Әминаның көңілі алабұртып, енді қайтып оралмастай көрші-көлеммен жылап-сықтап қоштасады. Тіпті жолға шыққан соң да ұзап кеткенше артына қарайлай береді.

Шаршап-шалдығып Мәдинаға да жетті-ау. Тікелей нағашылары Нәбиғаның үйіне түседі. Нәбиғаның ауласына кірер-кірместе күйеуінің мазарын құшақтай құлаған Әмина көпке дейін солығын баса алмай, өкси жылайды.

Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) алғаш рет жетімдік зарын сонда сезінеді, бала көңіл бір көруге зар боп кеткен әкесін жоқтап, езіледі.

ХАЗІРЕТІ ӘМИНАНЫҢ МӘҢГІЛІК

САПАРҒА АТТАНУЫ

Пайғамбар анасы Әмина ұлымен бірге Мәдинада бір айдай болып, сағынышы мен шерін тарқатқан соң туған-туыстарымен қоштасып, Меккеге қайтуға бет түзейді.

Ұшы-қиырсыз шөлде үш жолаушы: Болашақ пайғамбар анасы Әмина, сүйікті ұлы және қызметшісі. Үшеуі де үнсіз, мінген көліктері де олардың көңіл түкпіріндегі ауыр қайғыны бөліскендей аяңдап келеді. Әзіз ана мен ойлы баланың жүрегіндегі қасірет, қимас жанмен қоштасу бойларына зіл-батпан ауырлық жүктегендей. Қыршынынан қиылған қимасы еске түскен сайын көз жасын көлдеткен Әминаның көңіліндегі уайымды бөліскендей баласы да өксіп-өксіп қояды.

Өгіз аяңмен үнсіз ұғынысып жолдың жартысына келгенде аяулы ана Әмина сырқаттанып қалады. Үммү Әймен науқастың үдеп бара жатқанын көріп қатты қорқады. Жеткен жерлері – Мекке мен Мәдина арасындағы Әбуа ауылының шеті еді.

Бір ағаштың көлеңкесіне тоқтап, Әминаны қолтығынан демеп жатқызайын дегенде, кесел меңдеген ол, әлі кетіп құлап түседі. Қызметшісі оны дұрыстап жатқызып, жан-жағын қымтайды. Жан тері шыққан анасының басын сүйеп отырған алты жасар  Мұхаммедтің сондағы  егіліп жылағанын көрсеңіз.

 Айнала сүттей ұйыған тыныштық. Қанша уақыт өткенін кім білсін, Әмина көзін ашты. Сол сәтті зарыға күткендей ұлы:

 “Қалайсың, анашым?” – деді.

 Ауруы жанына батса да сездіргісі келмеген ана:

 “Жақсымын, ботам, жақсымын”, – деді ернін әзер қимылдатып.

Сөйтті де, тағы да ес-түссіз қалды. Біраздан соң “су-у-у” деді сұлық жатқан күйі.

Бала орнынан атып тұрып анасының сұрағанын жеткізді. Хазіреті Әмина бір-екі ұрттады, сүйікті ұлына мейірлене қарап ұзақ жатты, қолынан сипады. Ішіндегі аласапыран сезімді білдірмеуге тырысты. Күйеуінен айрылып бір жыласа, енді жалғызымен қалай қоштаспақ? Жо-жоқ!. . Өмір мен өлім айқасып жатты. Не де болса жазмыштан озмыш жоқ, маңдайға жазғанды көреді-дағы.

Бойын әбден дендеген аурудан айықпасын білген қымбатты ана соңғы рет бар күшін жинап баласының қолынан емірене өпті де:

 “Ей, азулы ажал оғынан Жаратқанның құдіретімен жүз түйе құрбан етіп құтылған Абдуллаһтың ұлы!

Аллаh алдыңнан жарылқасын. Егер түсімде көргенім рас болса, сен ұлы Аллаh Тағала тарапынан адамзат баласына адал мен арамның айырмасын үйрететін пайғамбар боласың. Сен бабаң Ибраһимнің шын мойынсұнабілушілік қабілетін паш етіп, соның дінін тәмамдайсың. Аллаh сені әрдайым қолдап, пұттардан, пұтқа табынушылардың зорлық-зомбылығынан аман сақтайды.

 Өмірге келген әрбір мақұлық түбінде өледі, жаңа нәрсе ескірмей тұрмайды. Бұл дүниеде бәрі фәни, өткінші. Мен де өлемін, бірақ атым мәңгі жасайтын болады. Себебі, артымда пәк періште сынды ұрпағымды қалдырып барам” – деп үздіге сөйледі де, мәңгілікке көз жұмды.

 Бұл милади 576 жыл болатын.

Арадан ұзақ жылдар өткенде пайғамбарлар патшасы бір умра сапары тұсында Әбуа ауылының үстінен өтеді. Сонда анасының қабіріне барып дұға оқып, көзіне жас алады. Оның жас балаша жылағанын көрген сахабалар:

 “Неге мұнша мұңайдыңыз, уа, Расулаллаh?” – деп сұрайды. Сонда пайғамбарымыз тұрып:

 “Аяулы анамның мәңгілік сапарға аттанардағы халі көзіме елестеп, сондағы маған деген мейірімін дәл қазір сезінгендей болып тұрмын”, – деп жауап береді.

Дамира Өмірзаққызы Ибрагим

Адамзаттың асыл тәжі атты кітабынан үзінді

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз