Мәһір (қалыңдық ақысы) – әйел затының неке қияр алдында күйеуінен талап етуге құқылы шариғат белгілеген ақысы[1]. Алла Тағала Құранда былай дейді: وَآتُواْ النِّسَاء صَدُقَاتِهِنَّ نِحْلَةً فَإِن طِبْنَ لَكُمْ عَن شَيْءٍ مِّنْهُ نَفْسًا فَكُلُوهُ هَنِيئًا مَّرِيئًا «Үйленентін әйелдеріңе мәһірлерін шын көңілдерінен тарту етіңдер»[2]. Ханафи мәзһабында мәһір беру – уәжіп[3]. Бірақ мәһір некенің негізгі шарттарына кірмейді. Шаңырақ құрып жатқан ер мен әйел мәһірді белгілемей неке қиса да, мәһірсіз үйленуге келіссе де неке дұрыс саналады[4]. Алла Тағала Құранда былай дейді: لاَّ جُنَاحَ عَلَيْكُمْ إِن طَلَّقْتُمُ النِّسَاء مَا لَمْ تَمَسُّوهُنُّ أَوْ تَفْرِضُواْ لَهُنَّ فَرِيضَةً «Егер әйелдерді оларға жақындаспай тұрып немесе оларға міндеттіні (мәһірін) белгілемей тұрып талақ қылсаңдар, сендерге еш күнә артылмайды»[5]. Аятта мәһір белгілемей талақ берілудің дұрыс екендігі айтылған. Әрине талақ берілу үшін міндетті түрде дұрыс неке қиылу тиіс. Демек, бұл үйлену барысында мәһірдің аталмауы некенің дұрыстығына кедергі болмайтындығын білдіреді[6]. Сондықтан мәһірді белгілемей немесе мәһірді бермеу шартымен неке қию некенің дұрыстығына кедергі болмайды. [1] Мухтар ас-сихах ибни Абидин, 3/100. [2] «Ән-Ниса» сүресі, 4-аят. [3] Фатху әл-қадир, 3/304. [4] Қадри Баша, Ахуалу әш-шахсия, 189. [5] «Бақара» сүресі, 236-аят. [6] Қадри Баша, Ахуалу әш-шахсия, 190.