Ихсан ілімі – барлық істе шынайылық, көрікті, әдемі жасауды білдіреді. Ихсан сөзінің ауқымы кең жақсылыққа бағыттау, жақсылық жасау, бір нәрсені соңына дейін жеткізу, ұқыптылықты білдіреді. Кез келген амалдарды Алла көріп тұрғандай сезімде орындау. Ихсан – бұл Алланы көріп тұрғандай қорқынышпен, шынайылықпен, жауапкершілікпен құлшылық қылу. Әр істе, әр құлшылықта шынайы болу. Алла Тағала біздің әр ісімізді, сөзімізді, ойымызды, ниетімізді біледі. Шынайылық болмаған құлшылықтан сауап күтпеңіз. Ихсан ілімі – адамның басқа адамдарға, әсіресе анасы мен әкесіне деген риясыз қатынасы мен жақсылық қасиеттерінен туындайтын түсінікті білдіреді. Шын мәнінде, Құран Кәрімнің көптеген аяттарында кемел рухты көрсететін кейбір айрықша сипаттамаларына назар аударар болсақ, ихсан ұғымына енетін көптеген жақсылықтарды байқаймыз.Бірде Саңлақ сахабалардың бірі Омар (р.а) осы ихсан ұғымына қатысты мынадай бір оқиғаны риуаят етеді: «Бірде Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанында отырғанымызда күтпеген жерден қасымызға бойында жолаушының белгісі жоқ және біздің ешбіріміз танымайтын қара шашты, аппақ киімді кісі келді. Ол Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қарсы алдына тізесіне тізесін тигізіп отырды да, қолын санына қойып: «Уа, Мұхаммед, маған Ислам жайлы айтып берші», – деді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «ИХСАН дегеніміз – Алла көріп тұрғандай құлшылық жасауың, сен Оны көрмесең де, шын мәнінде, Ол сені көріп тұр», – деп жауап қайтарды. Содан соң: «Енді маған Қияметтің қашан болатынынан хабар берші», – деді. Оған Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай жауап берді: «Сұралушы сұраушыдан артық білмейді». «Ендеше, маған Қияметтің белгілерін айтшы», – деді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақырет жақындағанда күң өз қожайынын дүниеге әкеледі және жалаң аяқ, үстінде киімі жоқ, қой баққан кедейлердің биік үй салып жарысқандарын көресің», – деді. Сосын әлгі адам кетіп қалды. Мен біраз уақыт кідіре тұрғаннан кейін Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Омар, әлгі сұрақ қойған кісінің кім екенін білесің бе?» – деп сұрады. Мен: «Алла мен Оның елшісі жақсырақ біледі», – дедім. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, ол сендерге діндеріңді үйрету үшін келген Жебірейіл», – деді».Алла көріп тұр деген шынайы сезімде өмір сүру үшін Алладан шынайы қорқыныш қажет, жүректе тақуалық болуы тиіс. Ақыреттегі қорқынышты жағдайларды үнемі есте сақтап, қайтар күнге дайындық жасаумен шұғылдану маңызды. Қасиетті Құранның «Шәмс» сүресінде айтылғандай: «Расында, нәпсісін тазартқан кісі құтылды. Әлдекім оны кірлетсе, қор болды». Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да өз өсиеттерінде адамның ең биік дұшпаны нәпсісі екенін ескертіп, бойдағы жағымсыз, жаман қасиеттерді тәрбиелеу керектігін көп насихаттаған. Ислам тарихындағы үлкен соғыстардың бірі – Табук жорығынан қайтып келе жатып сахабаларына: «Кіші жиһадтан (жорықтан) үлкен жиһадқа (нәпсімен күресуге) оралдық», – деген екен. Ихсан ілімі адам баласы құдды бір тәрбиені, қадағалау мен бақылап отыруды қажет ететін нәресте іспетті. Жүріп тұруы, тамақ жеуі, ұйықтауына дейін әрдайым қарап отыруды талап етеді. Яғни адам тәрбиесін үнемі жүргізіп отырады. Абай атамыз бір сөзінде: «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ақыретке, не дүниеге жарамды, күнін де өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің?» – деп, адам баласын өтіп жатқан өз өміріне үңілуді өсиет еткен. Хазреті Әли (р.а.): «Есепке тартылмай тұрып, өзіңді есепке тартыңдар», – деген. Қорытындылай айтсақ ихсан ілім – әрбір әрекетімізді Алла көріп тұрғандай ғибадат жасауға ұмтылу деген сөз.
Текелі қаласы «Керімбек би» мешіті