Басып шығаруға арналған нұсқасы

«Сәлем сөздің анасы»

20 May 2021 0 comment Оқылды: 771 рет

 

 

 «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді» деген халық даналығының сырына үңілу, мұсылман қауымының сәлемдесу дағдысы,

«Сәлем» арабтың «тыныштық, бейбітшілік» деген мағынадағы «ассалам» сөзінің тілімізде фонетикалық өзгеріске түсіп, қалыптасқан түрі. 

 Сәлемдесу, амандасу адамның бір-біріне ізет, сый-құрмет көрсетуі болып  есептеледі. Күнделікті өмірде біз қанша адаммен кездесіп, қанша жұртпен ұшырасамыз. Солардың бәрінде бірінші кезекте арамызда сәлемдесу, амандасу жүреді. «Сәлем сөздің анасы» - дейді дана қазақ халқы. Алланың әрбір күнін алғаш кездескен адамдар бір-бірлеріне сәлем берісумен бастап ары қарай қатынастарын жалғастырады. Сол алғашқы салемдесуден-ақ адамдар арасындағы болашақ ізгіліктің немесе жамандықтың ұрығы себіле бастайтынына біз мән беріп аңғара бермейміз. Кездескен таныс және бейтаныс адамдардың жүзінен шуақ шашып, жайдары көңілмен күлімсірей сәлем беруі, қол алысып төс қағыстыруы немесе немқұрайлы, жүрдім-бардым бас изеп өте шығуы, тіптен кекірейе кегжиіп сәлеміңді менсінбей қабылдауы, сәлем алмауы бәрі-бәрі адамдар арасындағы сапырылысқан қызу қатынасқа өз әсерін тигізеді. Бірі тараптардың жүрегіне жылу, жүзіне нұр сыйласа, келесісі араларына сызат түсіріп бәлкім ат құйрығын кесістіріп, өшпенділікке шейін жеткізуі мүмкін екенін болжап білу оңай емес. Өйткені «сәлемімді неге алмайсың!» - деген сес, «берген сәлемімді алмады!» - деген өкпе-наз өмірде кездесіп жататыны аз емес. Алғашқы кездесу, алғашқы сәлем берісуден бастап-ақ мәңгілік дос болып, аралары суымай, бірін-бірі шынайы сыйласып өмірінің ақырғы күнінде қимай ажырасып, бұрын өткенінің артын сыйлап, атақ-абыройын асқақтатып, аманатын орындап Алланың алдындағы борышын кірлетпей өткен адамдар қаншама. Осыдан-ақ біз сәлем беру және сәлемге жауап қайтарудың қаншалықты маңызды екенін аңғарамыз. Сәлем алу, сәлем беру туралы қасиетті Құран Кәрімде «Қашан сендерге сәлем берілсе, одан жақсырақ немесе соның өзін қайтарыңдар. Шексіз Алла әр нәрседен есеп алушы», - дейді (Ниса сүресі, 86-аят ). Қазақ халқы ежелден сәлемшіл халық. Ұлы даланың төл баласы болған қазақ ұлтының тума табиғи осынау мінезі қасиетті дініміздің әдептілік ілімімен біте қайнасып кеткен. Өйткені мұсылман адамның «Ассаләмуалейкум!» яғни «сізге есен-саулық, тыныштық тілеймін» деп сәлем беруі оның қайтарымына «Уағалейкумассаләм» яғни, «маған тілеген есен-саулық жақсылықты сізге де тілеймін» -деген жауап алып сансыз сауаптарға ие болуы. Осылайша мұсылмандықты болмысына сіңіре білген қазақ халқы сәлемдесуге үлкен мән беріп, үлкен әдептілікке жатқызған. Міне осыдан-ақ сөз қадірін биік қойып қастерлеген дана халқымыз «сәлем – сөздің анасы» - деп дұрыс сәлемдесе білуді бәрінен жоғары қойғанын көреміз.  «Сәләм» - Алла тағаланың көркем есімдерінің бірі. Сондықтан да сәлем беруші артық сауапқа ие болады. Хадисте егер сәлеміңді қарсы жақ алмаса, бәрібір сенің сәлеміңді одан гөрі жақсырақ, абзалырақ періштелердің алатындығы айтылады. Сенің әрбір сәлеміңді періштелер қабылдайды деген сенімді жүрегіне ұялатқан бабаларымыз үйден үйге кірсе де «Ассаләмуғалейкум» деп сәлем берген. Сәлемдесу Пайғамбарымыздың (ﷺ)сүннеті. Әбу Һурайрадан (р.а) риуаят етілген хадисте: «Алла Елшісі (ﷺ): «Көліктегі адам жаяу адамға, жаяу адам отырған адамға, қатарында кісі саны аз топ өздерінен әлдеқайда қарасы мол топқа бірінші болып сәлем береді», - деп айтты», - деген. Имам Бұхаридың риуаятында: «Жасы кіші болған жасы үлкенге сәлем береді», - деген. Пайғамбарымыз (ﷺ)бір хадисінде: «Сендер толық иман келтірмейінше, жәннәтқа кіре алмайсындар. Ал өзара сүйіспеншілікте болмайынша, толық иманға келмейсіндер. Өзара сүйіспеншіліктеріңді арттыруға септігі тиетін нәрсені айтайын ба? Өзара сәлемдесіңдер, араларыңда сәлемдесуді жайыңдар!» деген. Әлбетте, сәлемдесу әуелі адамды кішіпейілділікке тәрбиелейді және сәлем беру  - адамға жақсылық, есендік, саулық тілеу дегенді білдіреді «Екі мұсылман баласы кездескенде, олар бір-бірімен амандасып, қол алысқанда, Алла Тағала оларды осы сәтте бір-біріне тілеген тілек-дұғаларын қабыл алады. Қолдар ажырамай жатып күнәларын кешіреді», - деген хадистер Пайғамбарымыздың  (ﷺ) үмбетін береке-бірлікке, достық, татулық, бауырмалдылыққа, кішпейілділікке, жарқын жылы жүзділікке тәрбилеп қана қоймай сәлемдескен кезде әсіресе, арнайы таза ниетпен бірінші сәлем берген адамдар күнәларынан арылып, сауапқа кенелетіндігінен хабардар етеді. Ақиқатында бұл амал, яғни, сәлемдесу мұсылмандардың жүрегін жібітеді. Сөз қадірін биік қойған. Мұсылманшылықты бойларына сіңірген қазақ халқы сәлемдесуге үлкен мән берген.Дуалы ауыз иелерінің, ақын-жазушылардың қай шығармаларына көз тігіп, құлақ түрсеңіз де сәлем салу, жауап беру және оның сүннет амал екендігіне көзіңіз жетеді. Мысалы, Ақтан Керейұлы: «Әдептен құр қалмассың, Үлкенге сәлем бергенің»,-десе, Бұқар жырау: «Әй, айташы, айтсаң айт! Құдіретімен жаратқан, Он сегіз мың ғаламды айт, Ақтан сия танытқан Дәуіт пенен қаламды айт, Сөйлеу үшін жаратқан, Сөз анасы сәлемді айт»,-дейді. Ал, мәшһүр Ислам ғұламасы Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Біздерге сәлем беру болды сүннет, Пайғамбар сүннетін тұт болсаң үммет»,-деу арқылы ұлтымыз қазақ бағзыдан бері сәлем беру сүннетіне аса үлкен жауапкершілікпен қарағандығын қадап айтып отыр.

Талдықорған қаласы

Нұр мешітінің бас имамы Данагулов Алмас 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз