Басып шығаруға арналған нұсқасы

Ихсан ілімінің жемісі – жүректің сау болуы.

13 Apr 2021 0 comment Оқылды: 523 рет

 

Алла Тағала адам баласын күллі жаратылыстардың асылы етті. Оған ақыл-ес, сана – сезім және сонымен бірге білім берді. Хақ Тағала адамды сұлу етіп жаратқан және оған өзін таза ұстап, харамнан сақ болып, тура жолмен жүруді бұйырған.
Алла Тағала адам баласының иманды немесе имансыз, екі жүзді немесе күнәһар болуының басты себебі адам баласының жүрегінде жатқандығына назар аудартады. Жүрек – имандылық пен күпірліктің мекені. Жүрек – басқарушы орталық. Адамның сезімдері мен дене мүшелері осы орталыққа бағынады, орталықтан алған бұйрық бойынша әрекет етеді. Егер жүрекке иман ұяласа, адамның бойында имандылық, көркем мінез-құлық көрініс табады. Ал жүректі күпірлік мекен етсе, адамның бойында имансыздық пен жаман қасиеттер пайда болады. Яғни, жүрек – жақсылық пен жамандықтың қайнар бұлағы.

Құран Кәрімде Жаратушы Алла жүрек жайлы 132 жерде баяндайды екен. Бұл жүректің маңыздылығын айрықша аңғартса керек. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Назар аударыңдар! Адам денесінде бір бөлік ет бар. Егер ол түзу болса, бүкіл дене дұрыс болады. Ал егер ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады» (Бұхари, Иман) деп ескертуі де адам баласы үшін жүректің өте маңызды екендігін аңғартады.

Жалпы адам баласының жүрегін рухани тұрғыдан алғанда бірнеше топтарға бөлуге болады. Олар:

  1. Қалбун салим (сау жүрек) 2. Қалбун муниб (мойынсұнған жүрек) 3. Қалбун мутмайын (орныққан жүрек) 4. Қолбун қосия (қатайған жүрек) 5. Қолбун мәта (өлі жүрек) 6. Қолбун мародун (ауру жүрек).

Бұл мақаламызда сау жүрек жайлы бандайтын боламыз. Құран Кәрімде былай делінеді: «Ол күні (қиямет күні) мал да, бала-шаға да пайда бермейді. Тек, кім Алланың құзырына қалбун салиммен, яғни сау жүрекпен келсе, сол адам ғана пайда табады» (Шұғара сүресі, 88-89 аяттар). Аятта айтылып өткен «сау жүрек» сөзінің мағынасын алғашқы буын ғалым өкілдері «күпірлік пен күнәһарлықтан аман», «ширк пен шүбәдан арылған», «Алланың Хақ екендігіне, қияметтің күмәнсіз болатындығына және өлгеннен кейін қайта тірілуге иман келтірген», «түрлі рухани дерттерден айыққан» және «жаман мінез-құлықтан арылып, көркем мінез-құлықпен безенген жүрек» деп түсіндірген.

Адам өмірінің сыртқы көрінісінің бастау көзі – жүректің саулығы, өйткені сау жүрек адам денесінің барлық мүшелерін қанмен қамтамасыз етеді, нәтижесінде адамның денсаулығы ойдағыдай болады. Бұл аяттағы және хадистегі жүректің дұрыс болуы туралы әңгіменің мақсаты – жүректің рухани саулығы. Рухани саулық – жанның іштей дұрыс болуы, ол тек Алла тағалаға ғана аян. Бұл жан-дүние деп аталады. Сау жүрек адамның Алла тағаланың алдында жетістікке жетуінің белгісі болады. Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алла тағалаға жалбарынып: «Уа, Алла, шын мәнінде Сенен жүрегімді сау-саламат бойсұнушы (етуіңді) сұраймын», – деп жиі дұға ететін. Имам Ән-Нәуәуи: «Жүректің сау-саламаттығы мен дұрыстығына ашу-ыза, өшпенділік, күншілдік, сараңдық, ашкөздік, менмендік, басқаларды мысқылдауға бейімділік, боямаға (сырт көз үшін) ұмтылушылық, атаққұмарлық, қулық-сұмдық, дүниеқоңыздық және тағдырдың жазуына разы болмау секілді ішкі мерездерден құтылу арқылы жетуге болады…», – деген. Ибн Ражаб: «Сау жүрек – барлық дерт-мерездерден және тыйым салынған теріс амалдардан құтылған жүрек. Мұндай жүректе Алла тағалаға деген махаббат пен Одан қорқу, сондай-ақ Одан алыстататын істерден қорқудан басқа ешнәрсе болмайды» деген.

Хасан әл-Басри бір адамға: «Жүрегіңді емдеумен айналыс, өйткені Алла тағалаға құлдарынан олардың жүректерінің сау-саламат болғаны ғана керек», – депті.

Қайсы бір пенде жүрегінде ауру бар екенін білсе, бұл дерттен емделудің ауыр екенін және ол үшін көптеген машақатқа сабырлық таныту қажеттігін түсінуі тиіс. Себебі, жүрек дертінің емі – нәпсінің қалауы мен тойымсыздығына қарсы әрекет ету арқылы іске асады. Кейбір діндар тақуалар мұндай емді жанның шығуымен тең деп атайды. Өйткені, адамның жаны қалап тұрған нәрсеге қарсы сабырлық танытуы немесе ұстамды болуы қиынның қиыны. Бұл дерттермен күресу қиын болғандықтан да жұмыр басты пенденің Құдай қаласа Алланың алдындағы марапаты да жоғары болмақ

Бір ғалымнан:«Алланы жақсы көру жүрекке қалай орнайды?» - деп сұрағанда,
«Жүректен дүниеқұмарлық кетсе, Алланы жақсы көру сезімі өзінен - өзі орнайды», - деп жауап беріпті. Ғалым сөзін жалғастырып: «Шыны ыдыстағы суды төгіп тастасаң, орнына ауа толады. Ауа мен су бірге тұрмайды. Сол сияқты жүрекке де екі махаббат орныға алмайды. Онда не дүниеқұмарлық болады, не Аллаға деген махаббат. Жүректен дүниеқұмарлық кетсе, Алланы жақсы көру сезімі өзінен өзі пайда болады» - деген. Сондықтан әрбір мұсылман баласы өзін Жаратқан Раббысын әрдайым еске алып, Оны жүрегімен жақсы көруге, Алладан алыстататын барлық іс-әрекеттерден құтылуға ұмтылуы керек.
Жүректің ауруы өткінші. Өйткені, о баста адам дүниеге келгенде ешқандай жүректе ауру болмайды. Сол себепті, жүректегі кез келген сырқаттан Алланың жәрдемімен айығуға болады.
Ахыретте ешбір ағайын – туысы да, малы да, жаны да пайда бере алмайтын сол бір ұлы күнге сау жүрекпен баруды Алла Тағала барша мұсылман пендеге нәсіп еткей!
                                                                           

 Ақсу аудандық мешітінің баспасөз қызметі.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз