Басып шығаруға арналған нұсқасы

Сәлемдесудің әдептері

01 Nov 2016 0 comment Оқылды: 2439 рет

Аса Мейірімді, ерекше Рақымды Алланың атымен! Шын мәнінде, мақтау-мадақтарға Аллаға лайық! Біз Оны дәріптейміз, әрі Одан жәрдем мен кешірім сұрап жалбарынамыз. Нәпсіміздің жамандықтары мен жаман іс-амалдарымыздың кесірінен Аллаға сиынып, Одан пана тілейміз. Кімді Алла тура жолға салса, оны ешкім де адастыра алмайды. Ал Ол адастырғанды тура жолға салар ешкім жоқ. Біз Алладан өзге құлшылыққа лайық ешкім жоқ екеніне, Оның серігі жоқ, әрі Ол – Жалғыз екеніне куәлік етеміз, сондай-ақ Мұхаммед – Оның құлы, әрі елшісі екеніне куәлік береміз.

Сәлемдесу, амандасу адамның бір-біріне ізет, сый-құрмет көрсетуі болып  есептеледі. Күнделікті өмірде біз қанша адаммен кездесіп, қанша жұртпен ұшырасамыз. Солардың бәрінде де бірінші кезекте арамызда сәлемдесу, амандасу жүреді. Адам баласы қашаннан бейбіт, тыныш өмір сүруді аңсап, армандаған. Сол арманның негізінде қолы жеткен зор игілігі сәлемдесу әдебінің қалыптастырылуы. Сәлемдесудің кереметі сонда - адамдардың бір-біріне жылы мейірім мен кең пейіл көрсетуінде, достықты, жақындықты бейнелеуінде.

Ассаләмуаләйкум – «сізге Алланың есендік, амандық пен тыныштық болсын» деген мағынаны білдіреді. Уа ғалейкумассәләм – «сізге де Алланың амандық, есендік пен жақсылық тілеймін» деген сөз. Негізінде бұлай амандасуды «Ибраһим» сүресінде Алла Тағала  мұсылмандарға дәстүр болады деген. Ал сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде сәлемдесу мәселесіне егжей-тегжей көңіл бөлген.

Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді: «Сондай иман келтіріп ізгі іс істегендер. Раббыларыңның рұқсатымен ішінде мәңгі қалатын астынан өзендер ағатын жәннаттарға кіргізіледі. Олардың жаннаттағы амандасулары – «сәлем» болады» («Ибраһим», 23).

Аллаһ тағала «Ниса» сүресінде: «Егер сіздерге сәлем берілсе оныкінен жақсырақ етіп қайтарыңыз, ең болмаса өзінікіндей етіп қайтарыңыз», – деп әмір етеді.

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бір адам келіп: «Иә, Расул Алла (с.ғ.с.)! Исламдағы ең жақсы амал қандай?» – деп сұрағанда. Расул Алла (с.ғ.с.): «Мұқтажды тамақтандыруың және танысаң да, танымасаң да кездескенмен сәлемдесуің», – деп жауап берген (имам Бухари, имам Муслим).

Сондықтан өзін шынайы момын-мұсылманмын, ардақты пайғам-барымыздың (с.ғ.с.) асыл үмметімін деп санаған, жәннатты аңсаған, мол сауапқа кенелуді қалаған әрбір пенде жоғарыдағы аяттар мен  хадистерге көңіл бөлгені жөн: «Нәбиге (с.ғ.с) бір адам келіп: «әс-Сәләмуғалейкум (Сіздерге Алланың сәлемі, есендігі, тыныштығы болсын)», – деді. Нәби (с.ғ.с) оған жауап бергеннен соң ол адам отырды. Нәби (с.ғ.с): «Он», – дейді. Кейін екінші адам келіп: «әс-Сәләмуғалейкум уа рахматуллаһ (Сіздерге Алланың сәлемі, есендігі, тыныштығы мен рахметі болсын)», – деді. Нәби (с.ғ.с) оған да жауап бергеннен соң, ол адам отырды. Нәби (с.ғ.с): «Жиырма», – деді. Осыдан соң үшінші адам келіп: «әс-Сәләмуғалейкум уа рахматуллаһи уа бәракәтуһу (Сіздерге Алланың сәлемі, есендігі, тыныштығы, рахметі мен берекеті болсын)», – деді. Нәби (с.ғ.с) оған да жауап бергеннен соң, ол адам отырды. Нәби(с.ғ.с): «Отыз», – деді». Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Он», яғни бірінші келген адамның: «әс-Сәләмуғалейкум», – деп сәлемдескені үшін он сауап, «Жиырма», яғни екінші келген адамның: «әс-Сәләмуғалейкум уа рахматуллаһ», – деп сәлемдескені үшін жиырма сауап, «Отыз», яғни үшінші келген адамның: «әс-Сәләмуғалейкум уа рахматуллаһи уа бәракәтуһ», – деп сәлемдескені үшін отыз сауап алатындығы жайында айтқан (хадисті имам Дауд және имам Тирмизи риуаят еткен).

Мұсылмандар амандасқанда қалыптасқан дәстүр бойынша екі қолдап ер азаматтар жағы сәлемдеседі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Екі мұсылман кездесіп қол алысатын болса, олардың күнәлары екеуі айырылысудан бұрын кешіріледі», – деп айтқан (Имам Әбу Дауд риуаят еткен).

Пайғамбар (с.ғ.с.) келесі хадисінде: «Расында адамдардың ішінде Алла Тағалаға ең жақыны, басқаларға бірінші болып сәлемдескені», – деген (имам Әбу Дауд).

Демек, әрбір мұсылман, бір-бірінен ажырап қалып, қайта ұшырасып жатса да, белгілі-бір уақыттан кейін: «Ассаләмуғалейкум», – деп қайта сәлемдесуі сүннет. Міне, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әрбір хадисі жақсылық пен әдептілікке тұнып тұр, мейірімділік пен хикметке толы. Мұсылман қауымының бір-біріне сүйіспеншілігін, сыйластығын, достығын күшейтеді.

Жалпы, мұсылман баласы амандасқан уақытта дауысын көтеріп сәлем бергені дұрыс, ауыз жыбырлатып, басын изеп амандасу сүннетке жат. Бұлайша яһудилер сәлемдеседі. Егер сәлем беретін адам алыста болса, ишара білдіріп сәлемдесу керек. Құран оқып отырған, намаз оқып жатқан, әжетханада отырған кісіге сәлем берілмейді. Дастархан басында тамақтанып отырған адамдардың әрқайсысының қолын алып амандасқан да әдептілікке жат нәрсе. Бөлмеге кіріп келгенде көпшілік болса, дауыстап амандасып, тек арасында құлағы естімейтін кісілер болса алдына барып қолмен, ишарамен сәлем берген дұрыс болады.

Талдықорған қалалық

«Нұр» мешітінің бас имамы                      Алмас Сағидоллаұлы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз