Мүбәрак мейрамды атап өтуді жыл сайын назардан тыс қалдырмайтын ҚМДБ-ның Жетісу облысына қарасты қалалық мешіттері бүгін “Үммет сағынышы” атты рухани мәуліт кешін ұйымдастырды.
Облыстың бас имамы Данағұлов Алмас Сағидоллаұлының игі бастамасымен өткен шараға зиялы қауым өкілдері, абыз, ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер және жастардан құралған мешіт жамағаты қатысты.
Сауапқа толы ізгі шарада Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сирасынан (өмірбаяны) сыр шерткен Мәуліт жыры оқылып, жиылған жамағат Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат, сәлем жолдады. Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген күнінің құрметіне өткен рухани кеште жамағат арнайы жайылған ақ дастарханнан дәм татты.
Рухани кештің өтуіне атсалысқан «Ақниет» мейрамханасының иесі Кереев Қайрат ағамыз әдеттегідей жомарттық танытып, сауапты шарада бой көрсетті.
Алла елшісіне салауат жолдап, қарияларға құрмет көрсетіп батасын алған мешіт ұжымына келген қонақтар дән ризашылығын білдірді.
Ақпарат үшін:
Мәуліт – араб сөзі, қазақша «туған күн» деген мағына береді. Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі, Адамның (ғ.с.) Иса (ғ.с.) пайғамбарға дейінгі Алла тағала елшілерінің соңғысы әрі сардары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келуінің құрметіне ол айға осы атау берілген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құрайыш тайпасынан, оның ішіндегі Бани һашим әулетінен шыққан. Туған жері – Алла Тағаланың нұры жауып тұратын Мекке қаласы. Әкесінің аты Абдуллах, оның әкесі Әбдүлмүттәліп, оның әкесі Һашим, оның әкесі Абдулманап. Анасының есімі Әмина.
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) ата-анасынан ерте айырылды. Әкесі перзенті өмірге келмей тұрғанда дүние салса, алты жасқа толғанда анасы қайтыс болады. Мұхаммед (с.ғ.с.) Исадан (ғ.с.) милади жыл санауы бойынша 571 жыл кейін, 20 сәуірде, һижри санауы бойынша Рабиул-әууал айының 12-сі, дүйсенбі күні дүниеге келген.
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) дүние есігін ашқанда, ғаламда ғажап оқиғалар болған деседі. Дүние нұрға бөленген. Анасы Әмина әйелдер әдеті бойынша толғақ қысу, қан кетуге ұқсас қиыншылықтарды көрмеген. Пайғамбарымыз туғанда үстінен жұпар иіс аңқып тұрған.
{gallery}Ummet sagynywy{/gallery}