{gallery}2202{/gallery}
Жасасаң қайыр, қарыз деп айтпа жарқыным,
Қарыз ғып берсең қажетте емес алтының.
(М. Мақатаев).
Талдықорған өңірі, Ақсу ауданындағы орталық мешіт мүмкіндігі шектеулі жандарға мейлінше мейрімділік танытып, қамқорлық көрсетіп келеді. Жуырда аудандық мешіттің бас имамы Анарбай Тасболатұлының ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қайырымдылық шарасы өтті. Аталмыш шара қасиетті жұма күнінде ауданымыздағы «Амина» мейрамханасында ақ дастархан жайылып, барлығына шара соңында айға жететін азық – түлік таратылды.
Меркелік дастархан ерік – жігері мықты, өмірдің небір кедергілеріне қарамастан, өмір сүруге деген құштарлығымен бойында батырлық қасиеттерін оятқан жандарға арналды. Қайырымдылық демекші, елімізде өзгенің жылуы мен көмегіне мұқтаж жандар өте көп. Мұндай жандардың басым бөлігі – әртүрлі себептермен мүгедек атанып отырғандар. Анарбай Тасболатұлы көмекке мұқтаж жандарға қайырымлық жасауды дәстүрге айналдырған. Дастархан басында оларға жылы тілегін, өмірдің қиындығына ешқашан мойынсұнбауларын да жеткізді.
Жалпы, қамқорлыққа мұқтаж кісілерге қол ұшын созып, көмек көрсету үлкен сауап. Ол туралы қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 127-аятында: «Қайырдан не істесеңдер де, сөзсіз Алла оны күдіксіз біледі», - делінген. «Басты мақсат – игі істі көрсету арқылы халықты мұқтаж адамдардың мұңын бөлісуге шақырып, көмек қолын созуға үндеу» дейді ауданымыздың бас имамы Анарбай аға.
Мұндай азаматтар мемлекет тарапынан қолдаусыз қалып отырған жоқ. Қолдан келгенше көмек жасалып, тағдырдың жазуымен мүмкіндігі шектеліп, мүгедек атанып отырған азаматтарға өз деңгейінде жағдай жасалып отыр. Ауданымызда қоғамдық ұйымдар тарапынан да қолдау көрсетіліп, арнайы қор құрып, мереке күндері қарсаңында демеушілер тартып, көмекке мұқтаж жандарға көмек жасалып отырғанын айта кету керек.
Қамқорлықты айқын сезінген жерлестеріміз бұл тағылымды шараны ұйымдастырған мешіт қызметкерлеріне шексіз ризалықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды. Сондай – ақ, ауданымыздың «Қобызшы Молықбай» атындағы мәдениет үйінің әнші жігіттері тамаша әндерін айтып, ойындар ойнатып, жүректеріне жақсы әсер қалдырды.
Ләззат ҚАЛМҰХАМБЕТҚЫЗЫ,
аудандық «Ақсу өңірі» газетінің жауапты хатшысы.