Басып шығаруға арналған нұсқасы

Жамандыққа жақтау жоқ

07 Jun 2016 0 comment Оқылды: 1172 рет

 

         Дәл Рамазан айының қарсаңында күллі Қазақстан халқының атына кір келтіретін оқиға жүректерді дір еткізгені анық. Жақсылықтың, бейбітшіліктің, тыныштықтың айы – Рамазан үшін бейбіт адамдардың қаза табуы ауыр қайғы. Нәпсісін жүгендеп, ала таңнан қара кешке дейін ауыз бекіткен иісі мұсылман баласы мұндай теріс әрекетке бармасы белгілі. Сондықтан жөн сөзге көнбей, әлдебір күштердің астыртын ықпалымен елдегі береке-бірлікке іріткі салғысы келетіндердің әрекеті әлем жұртшылығының назарын аудартып отыр. Шынында қасірет деген осындай-ақ болар?!

Қасиетті Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінің 32-шы аяты арқылы Алла Тағала: «Кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бұзақылық жасамаған жазықсыз адамды өлтірсе, күллі адамзаттың қанын төккендей болады», – деп кісі қанын жүктеудің қандай ауыр күнә екендігін ұқтырады. Сондықтан дәлелді басқа жақтан іздемей-ақ осы сүрені басшылыққа алар болсақ, Ақтөбеде орын алған оқиға ешқандай ақтауға жатпайды. Ондағы сақалды жас жігіттердің тапа-тал түсте қала тұрғындарына қару кезеп, бейбіт жандарға оқ атуын ешкім жақтамайды. Шыны керек, қасиетті Ораза айының алдында қан төгу Ислам дініне қара күйені әдейі жаққанмен бірдей. Өйткені, қару дүкеніне шабуыл жасап, аңшы мылтығын олжалағандардың әлеуметтік желілерге таралған қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы дайындалған, келісілген әрекеттер секілді көрінеді. Яғни, кенеттен, әдейі ұйымдастырылғандай әсер қалдырады. Анығын Жаратқан Алла Тағала біледі, дегенмен, көшелердегі бейнекамераларға түскен жазба сондай ойға жетелейді.

Қасиетті Рамазан айында жасаған әрбір жақсылығы мен сауапты ісіне игілік көруді аңсаған мұсылман қауымы үшін лаңкестік әрекеттерді қолдау күнә. Жамандыққа жақтас болу жүректі қарайтып, тыныштық пен тұрақтылықтан бас тартуға апарады.

ҚМДБ Талдықорған өңірі

бойынша өкіл имамы:                                                            Серікхан Рымханұлы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз