×

Предупреждение

JFolder: :files: Путь ведёт не к каталогу. Путь: /var/www/vhosts/taglym.kz/taglim.kz/images/31012016
×

Внимание

Пожалуйста, убедитесь что путь к папке верен и такая папка действительно существует. Галерея не может найти папку: images/31012016
Басып шығаруға арналған нұсқасы

Мәуліт – ізгілік пен сабырлылық бастауы

31 Jan 2016 0 comment Оқылды: 1156 рет

 

{gallery}31012016{/gallery}Текелі қалалық Мәдениет үйінде Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың туған айы Мәулітті ұлықтауға  арналған рухани кеш өтті.

Алдымен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмірі жайында қысқаша бейнефильм көрсетілді. Мұхаммед (с.ғ.с.) өмірге келген кез араб дүниесінде адамдар рухани азғындыққа бет алып, жікке бөлінген, қантөгістер жиілеген, барлық жерді берекесіздік жайлаған кез еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қиянатқа батқан қараңғы халықтың санасын Алланың қалауымен жарқыратты. Халқына деген шексіз адалдығымен,  сабырлылығымен, алға қойған мақсатына деген бұлжымас табандылығымен, ең бастысы, кешірімді, мейірімділігімен миллиондар жүрегінің төрінен орын алды. Бір кездері өзіне тас лақтырған, шетке итерген халықты соңынан ерте білді. Мына дүниеге Алла сөзі Құранды жеткізді. Ислам қағидаттарын орнықтырды. Осы арқылы тыныштық пен бейбітшілікке, оқу мен білімге кең жол ашты. Осынау сәулелі жарық нұр кең-байтақ Қазақ даласын да шұғыласына бөледі. Ата-бабаларымыз Ислам жолын мейірлене қабылдады... Бейнефильмде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) адамзат баласы үшін сіңірген өлшеусіз еңбегі бейнеленіп, Мәулітке жиналған көпшіліктің жүрегін тебірентті.
Бейнефильмнен соң қалалық «Керімбек би» мешітінің бас имамы Нұржол Ғазизұлы барша текелілік мұсылман қауым атынан Мәулітке арнап құран оқыды.

Қала әкімінің орынбасары Сері Болысбайұлы көпшілікті мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Талдықорған қаласындағы «Иман» орталық мешітінің наиб имамы Нұрлан Усманов Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмірі мен мейірімге толы адамгершілікті қасиеттері жайында баяндады.

«Абзал Ана» отауы халықтық ансамблінің әжелері Алла елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с.) арнап салауат айтты.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде «Сендердің араларыңда ең жақсыларың Құранды үйреніп, басқаларға үйреткендерің» деген. Мерекелік кеште балалар арасында Құран оқудан жарыс өтті. Мадияр Тәжібаев бас жүлдені, Бексұлтан Жандосұлы 1, Ақиқат Қалифа 2, Ералы Мұхаметқалиев 3-орынды иеленіп, диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

ҚР еңбек сіңірген артисі, дәстүрлі әнші Мырзахмет Мүкаманов, Мәдениет үйінің әншілері Жандос Дәурембеков, Есбол Мағауия, Асылжан Тұрдымұратов, балалар шығармашылық орталығының ұстаздары Шолпан Қарабалина мен Айкүміс Оразбай көпшілік көңілін ән әуенімен тербеді.

Соңында Н.Ғазизұлы ізгі шараның мәнді де сәнді өтуіне қолдау көрсеткен қала әкімдігіне, жеке кәсіпкерлерге, ізгі ниетпен, ақ тілекпен мерекеге жиналған көпшілікке ризашылығын жеткізді. Осы орайда, Мәдениет үйінің директоры Константин Нестеров пен жеке кәсіпкер Ұлан Исханұлына Алғыс хат және кітап сыйға тартты.

Мерекеден соң «Бәйтерек» мейрамханасында көпшілік Мәулітке арналған дастарханнан дәм татып, берекелі өмірімізге шүкіршілік айтты. 

Көңіл көзімен қараған адам бүгінгі әлемдегі орын алып отырған қақтығыстар мен қиындықтардың да түп төркіні келіспеушілік, қанағатсыздық пен өзімшілдікте жатқанын көретіні сөзсіз. Демек, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмірі адам баласының бейбіт те баянды тіршілігі үшін тамаша үлгі, жан азығы.

Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз