Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы тапсырмасына орай Мұнайлы аудандық мешіті Маңғыстау - 4 ауылындағы №11 мектеп ауласына көгалдандыру шарасын жасады. Мешіт имамдары мен жамағаты өздерімен бірге Ақтау көлік колледжінің студенттері, Жас Отан жастар қанатының мүшелерін ертіп келді.
Шара барысында мешіт ақсақалдары Құран оқып, жеміс ағашының көгеруі мен еліміздің гүлденуі үшін дұға етті. Мұнан кейін жер қопсытылып, ағаш көшеттері егіліп, әр жас өскіннің түбіне су құйылды. Жаңа мектеп 2014 жылдың ақпан айында пайдалануға берілген болатын. Қазір онда 2037 бала білім алады. 1200 орындықты жаңа мектеп ауласына тал егу жұмыстары алғаш рет жүргізіліп отыр. Аудандық мешіттің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Төремұратовтың айтуынша, бұл қайырымдылық шарасы Мұнайлы ауданындағы барлық мектеп ауласында жасалатын болады.
«Бұл іске әрбір талдың жапырағындай сауап беріледі. Ертең бұл ағаштар көктеп өскенде оның саясында демалғаны үшін, оның жемісін жегені үшін әрбір егушіге жақсылық жазылмақ. Ағаш егу – үлкен тәлім - тәрбие. Ұрпағымыз биік мақсаттарға адамгершілікпен, адал еңбекпен жетсін деген ниетпен тал егуді мектеп ауласынан бастауды құп көрдік»,- дейді Сәрсенбай Төребайұлы.
Бұл игі іске жасы тоқсанға келген Айнаддин Келімбердиев ақсақал мен қажы атанған Қуандық Жұмырбаев секілді қариялар да ат салысты. Жиналғандарға батасын берген қарттар жастарды жамандықтан аулақ болуға, жақсылық істеуге шақырды. Осылайша мектеп ауласындағы бос орындарға 100- ден астам жеміс көшеттері егілді.
Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі