Республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі Қабылбек Жұмабеков пен Маңғыстау облысың өкіл имамы Смайыл Сейтбеков 24 сәуір күні Ақтау қаласындағы Туризм колледжінің ұстаздары және студенттерімен «Дін мен дәстүрімізге берік болайық» атты тақырыпта кездесу өткізді.
Кездесу барысында өкіл имам С.Сейтбеков еліміздегі соның ішіндегі облысымыздағы қазіргі діни ахуалға тоқтала келе, дін атын жамылған ағымдардың зияны мен қоғамға қаупін түсіндіріп, сан ғасырдан бері ата-бабаларымыз ұстанған дініміз бен дәстүріміздің маңызына тоқталды. Әлеуметтік желіге телмірген жастар арасында діни теріс идеология саналы түрде жайылып жатқанын айта келе, кезкелген діни уағыздарды тыңдамауды, тек Діни басқармаға қарасты имамдардың ғана уағыздарын тыңдау қажеттігін түсіндірді. Өкіл имам Алматы қаласынан келген РАНТ мүшесі Қ.Жұмабековты таныстырып сөз кезегін қонаққа ұсынды.
Қ.Жұмабеков жастар арасындағы дінге бетбұрыстың алғышарттарына тоқталып, діни ағымдардың жымысқы әрекеттерін әшкерелеп өтті. Яғни жастардың діни сауатсыздығын пайдаланып, өз қатарларына оңай тарту жұмыстарын жүргізіп жатқанын тілге тиек етіп, ондай әрекеттің алдын алу үшін дінге қатысты сұрақ болса, мешіт имамдарынан келіп сұрауларын баса назарда айтып өтті. Діни құндылықтарға үрке қарамау қажеттігін түсіндіріп, дінмен емес діни ағымдармен баршамыз күресуіміз керек деп ойын түйіндеді.
Кездесуге қатысқан ұстаздар мен студенттерден көптеген сұрақтар қойылды. Сұрақтарға да тұшымды жауаптар берілді.
Маңғыстау облыстық орталық мешіттің баспасөз қызметі